Экономиканың күретамыры атанған теміржолдың бүгінгі даму үдерісі
Қазақстан Республикасының егемендігі туралы декларация қабылданған 1990 жылдың 25 қазан күні – ел тәуелсіздігіне жасалған алғашқы қадам. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи маңызды құжат жарияланған Республика күні – елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болу керек екенін атап көрсетті.
Маңызды мереке қарсаңында егеменді еліміз үшін табысты жылдарға негіз болған көрсеткіштерге тоқталмай тұра алмаймыз. Соның ішінде Мемлекет басшысы ерекше басымдық беріп отырған еліміздің көліктік логистика саласының жетістіктері жайлы сөз еткенде республиканың транзиттік-логистикалық және әлеуметтік инфрақұрылымының қуатты дамуын ерекше атап өткен жөн. Бұл – ең алдымен отандық теміржол саласының лайықты даму нәтижесінде қол жеткізген жетістік дей аламыз. Өйткені, теміржол саласы ежелден ел экономикасында шешуші рөл атқарады.
Бүгінде Қазақстан – халықаралық мойындауға ие болып қана қоймай, әлемдік қоғамдастыққа сәтті кірігіп, жыл сайын ел экономикасын нығайта отырып, халықаралық транзит үшін басты бағдарға айналған ел. Ал отандық темір жол егеменді мемлекеттің қалыптасуына елеулі үлес қосып, оның табысты дамуына берік негіз болды. Бүгінгі таңда көлік саласына ерекше маңыз беріліп отыр. Ел басшылығы бұл жаһандық және ұлттық экономикалық дамудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын тиімді көлік секторы екенін жақсы түсінеді. Жуырда Астанада өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VI саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коммуникацияның әртараптандырылған маршруттарын пысықтау және жүктерді жеткізу арқылы өңірдің транзиттік-көліктік әлеуетін іске асыруға көңіл бөлу маңызды екенін, ал АӨСШК-ге қатысушы мемлекеттер арасында «жасыл дәліздер» құру қажеттігін ерекше атап өтті.
– Жаһандық жеткізу тізбегіндегі алшақтықтар Азия елдерін тиімді транзиттік көлік дәліздерін қалыптастыруға жаңа көзқараспен қарауға мәжбүр етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұған дейін де Қазақстан үшін маңызды міндеттердің бірі транзиттік әлеуетті арттыру болып табылатынын бірнеше рет атап өткен болатын.
– Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия мен Еуропа арасындағы өте маңызды құрлық дәлізі болып табылады. Біз осы мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік торабына айналуымыз керек. Біздің еліміз осы саладағы ірі жобаларды іске асыруға кірісті. Атап айтқанда, Ақтауда контейнерлік хаб құрылуда. Транскаспий дәлізі дамып келеді, – деді Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында.
Сарапшылар пікірінше, ел Президентінің ҚТЖ алдына қойып отырған міндеттері дәл және қысқа мерзімде шешілетін болады. Өйткені, отандық теміржол магистралі қандай қиындықтарға да төтеп бере алатын мүмкіндігін дәлелдеген.
Сала ардагерлерінің бірі, Құрметті теміржолшы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Консультативтік кеңесінің хатшысы Қуаныш Котырев өтпелі кезеңнің қиын жағдайында егемендікке ие болған Қазақстанда темір жол ең бастысы – үздіксіз тасымалдау мен қызметтер бағасының қолжетімді деңгейін қамтамасыз еткенін еске алады.
– Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап ел басшылығы теміржол көлігінің қызметі мен дамуына көп көңіл бөлді. Осының арқасында салада терең институционалдық реформалар жүзеге асырылды, бұл экономиканы трансформациялаудың теріс салдарын ойдағыдай еңсеруге және отандық өнімнің халықаралық нарықтарға шығуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, – дейді ардагер.
Осыдан отыз жыл бұрын, КСРО-ның ыдырауымен және бұрынғы кеңестік республикалардың тәуелсіздік алуымен ежелден қалыптасқан экономикалық және өндірістік байланыстар жойылды. Қазақстан, басқа да жаңадан құрылған мемлекеттер сияқты, шұғыл түрде жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшуге мәжбүр болды.
– Қазақ темір жолы КСРО-дағы ең ірі жолдардың бірі болды, бірақ бізде теңізге шығатын жол болмады, сондықтан қолда бар шикізатты, көмірді, металды, мұнайды, астықты тасымалдау мен өңдеу үшін темір жолды дамыту қажет болды. Қазақстандағы үш темір жол басқармасы бірігіп, «Қазақстан темір жолы» РМК құрылуы ел экономикасындағы үлкен өзгерістердің катализаторы болды. Инфрақұрылымды белсенді жаңғырту үздіксіз жүргізілді, электрлендіру, жаңа жолдар және екінші жолдар салу, тағысын тағы құрылыстар қарқынды жүргізілгені сонша, қысқа мерзімде мүмкін емес болып көрінетін нәрселер жасалды. Бүгін біз өз еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз, – дейді Қуаныш Ыдырысұлы.
Өңірлер арасындағы ішкі коммуникацияларды қамтамасыз ету, Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетін ұлғайту үшін тәуелсіздік жылдарында жалпы ұзындығы 2 500 шақырымнан асатын жаңа темір жолдар салынды. Бүгінгі таңда Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліз өтеді – 5 теміржол және 6 автомобиль дәлізі.
Тәуелсіздік жылдарында салынған теміржол желілері жүктерді тасымалдау қашықтығы мен уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік беріп, жүк жөнелтушілер мен жолаушылардың көлік шығындарын да еселеп қысқартты. Өңірлер арасындағы ішкі коммуникацияларды қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетін ұлғайтты. Ақсу – Дегелең, Хромтау – Алтынсарин, Шар – Өскемен, Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара, Жетіген – Қорғас, Жезқазған – Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл және Боржақты – Ерсай теміржол желілері халық арасында «Тәуелсіздік жолдары» аталған мегажобаларға айналды. Бұл жай ғана инфрақұрылымдық жобалар емес. Олардың артында өңірлер экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, халық үшін көліктік қолжетімділікті қамтамасыз етуге мемлекеттің орасан зор капитал салымдары тұр. Осылай, өзінің бүкіл тарихында теміржол саласы ұлттық экономиканың флагманына айналды.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген көлік қызметкері, Құрметті теміржолшы Юрий Лавриненко теміржолдың ел өміріндегі жүйе құраушы рөлін әрдайым ерекше атап көрсетеді.
– Теміржол магистралі тасымалдаудың барлық өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ете алды және отандық бизнеске уақытылы және елеулі көмек көрсете білді. Бүгінгі таңда Қазақстанда ҚХР-дан екі халықаралық шекара өткелі, Құрғақ порт және «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА, ҚХР Шыңжаң – Ұйғыр автономиялық округімен шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы (ХШЫО) және Қазақстанның темір жол магистральдарын Иранмен, Түркиямен, Пәкістанмен байланыстыратын және Парсы шығанағы порттарына шығуға мүмкіндік беретін Түркіменстанмен халықаралық темір жол шекара өткелі бар, – дейді ол.
Оның айтуынша, Құрық порты мен Ақтау портының солтүстік терминалы да жетекші рөл атқарады. Нөлден бастап көлік машиналарын жасаудың отандық саласы құрылды. Компоненттер, жабдықтар, қосалқы бөлшектер шығаратын қаншама кәсіпорындар қызметі жандандырылды.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТРАНЗИТТІК СЕРПІЛІСІ
Қазақстан Еуразияның дәл кіндігінде – ірі мемлекеттердің мүдделері тоғысатын өңірде орналасқан. Бүгінгі таңда еліміздің транзиттік әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл мәселеде ұлттық тасымалдаушының рөлі айрықша. «ҚТЖ» ҰК» АҚ осы жылдар ішінде тасымалдау қызметінің ұйымдастырушысы және үйлестірушісі болып келеді. Қытайдың барлық ірі провинцияларымен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалып, Қазақстан, Ресей және Беларусь темір жолдары біріккен көліктік логистикалық компаниясын (БКЛК ЕО) құрды, сондай-ақ мультимодальды маршруттарда синергияны қалыптастыру және бизнеспен ынтымақтастық үшін алаңдар, «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлікшілер одағы және «Транскаспий халықаралық көлік маршруты» халықаралық қауымдастығы ұйымдастырылды.
Астанада өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VI саммиті қарсаңында Қазақстан мен Түркия президенттері Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің төртінші отырысын өткізді, оның барысында көлік және логистика, ТХKБ мәселелері талқыланды.
– Біздің елдеріміз Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша тасымалдау көлемін ұлғайтуға мүдделі. Бұл стратегиялық жоба аймақтағы тұрақтылықты сақтау үшін үлкен маңызға ие. Биыл жеті айдың ішінде ТХКБ бойынша тасымалдау көлемі 2,5 есеге артып, бір миллион тоннаға жетті. Бұл тұрғыда мемлекеттерімізді байланыстыратын «ортақ дәлізді» дамыту маңызды болып табылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еліміздің транзиттік әлеуетін нығайту және «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ны транзиттік-логистикалық корпорацияға айналдыру AMANAT партиясы жанындағы көлік және логистика комитетінің жуырдағы отырысында да талқыланды.
– Біздің алдымызда 2025 жылға қарай ТХКБ өткізу қабілетін алтыдан он миллион тоннаға дейін ұлғайту міндеті тұр. Атап айтқанда, Ақтау портында әлемдік логистикалық компанияларды тарта отырып, «контейнерлік хаб» салу жоспарлануда. Сондай-ақ, паром флотының тапшылығы жағдайында Каспий теңізінде 10 бірлік көлемінде жеке паромдар салу жоспарлануда. Сонымен қатар, жылжымалы құрамды 2025 жылға дейін жаңарту мақсатында 1 500 жартылай вагон, 3 500 вагон платформа және 310 локомотив сатып алу жоспарлануда, – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Идырысов.
Ұлттық тасымалдаушы елдің транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі мемлекет саясатын іске асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
– Соңғы бес жылда транзиттің жыл сайынғы өсімі орта есеппен 31% құрады. Өткен жыл рекордтық көрсеткішке ие болды, транзит бір миллион DFE-ден асты. Мұндай нәтиже Үкімет пен ҚТЖ-ның жоспарлы жұмысының арқасында мүмкін болды, – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Логистика жөніндегі басқарушы директоры Ерлан Қойшыбаев.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан арқылы өтетін транзиттік маршруттар әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие деп сеніммен айтуға болады. Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, магистраль мен жылжымалы құрамның негізгі қорларын жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Теміржол кешенінің дамуы Тәуелсіз мемлекеттің жаңа тарихи кезеңдегі жетістіктерінің айқын дәлелі болмақ.
ЖАҢА ҚИЫНДЫҚТАР МЕН МІНДЕТТЕР
Бүгінгі таңда отандық теміржол саласының алдында жаңа мақсаттар тұр – цифрландыру, роботтандыру, зияткерлік жүйелер, 4.0 Индустриясының мүмкіндіктерін, Үлкен сандар технологияларын, жасанды интеллект және т.б. дамыту. Тасымалдау процесін оңтайландыру және теміржол көлігінің барлық салаларында пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін озық инновациялық технология мен цифрландыру енгізілуде. «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Самұрық-Қазына» қорының портфельдік компаниялары арасында алғашқылардың бірі болып 2014 жылы бизнесті трансформациялау бағдарламасын іске қосты. 2019 жылдан бастап ҚТЖ-да жаңартылған «цифрлық трансформация» бағдарламасын іске асыру басталды, ол негізгі филиалдар мен еншілес ұйымдарды қоса алғанда, компанияның барлық негізгі бизнесін қамтыды.
Мысалы, бүгінде магистральдық желінің инфрақұрылымын диагностикалау мобильді диагностикалық кешендердің (МДК) көмегімен жүргізіледі. Олардың біріншісі 2015 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ өндірісіне енгізілді. Үш МДК 2019 жылы, қалғандары 2020 жылы пайдалануға берілді. Олар жоспарлы қызмет көрсету жүйесінен нақты жағдайына қарай жөндеу жүйесіне біртіндеп өтуді қамтамасыз етуге арналған.
2018 жылы «Пойыздар қозғалысын басқару орталығы» трансформациялау жобасы аясында Ақтөбе қаласында бес бөлімшенің – Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Орал және Қызылорданың диспетчерлік орталықтарын біріктірген тәжірибелік полигон құру бойынша жұмыс басталды. 2020 жылы Ақтөбеде «Пойыздар қозғалысын басқару орталығы» пилоттық режимде іске қосылды. 2021 жылдың соңынан бастап Алматыда да оңтүстік-шығыс өңірінің Пойыздар қозғалысын басқару өңірлік орталығы жұмыс істей бастады. Бұдан басқа, Орталық және Солтүстік Қазақстанға қызмет көрсететін Орталықты да іске қосу жоспарлануда.
2021 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да «Достық – Ақтоғай – Мойынты темір жол транзиттік дәлізін жаңғырту» инвестициялық жобасын іске асыру басталды. Достық-Мойынты желісінің құрылысы мен электрлендіруі 2025 жылы аяқталады деп күтілуде, одан кейін Қытай – Еуропа бағыты бойынша Қазақстанның негізгі транзиттік дәлізінің өткізу қабілеті бес есеге артады деген болжам бар. Жалпы, ҚТЖ компания қызметінің сапалы өзгерістеріне және Цифрлық темір жол үшін эко-орта құруға бағытталған трансформация және цифрландыру жобаларын іске асыруды белсенді түрде жалғастыруда.
– Теміржолды цифрландыру «ҚТЖ» ҰК» АҚ барлық активтері мен процестерін цифрландырудың бірыңғай қағидаттарымен біріктірілген бизнес-модельдердің, өнімдер мен қызметтердің жиынтығын және олардың Қазақстанның цифрлық экономикасына, сондай-ақ тасымалдаудың әлемдік экожүйесіне ортақ интеграциясын білдіреді, – дейді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының стратегия және цифрландыру жөніндегі орынбасары Әнуар Ахметжанов.
Әсел ШАЙХЫНОВА, Астана